В УНИВЕРСИТЕТЕ ИМЕНИ ТАШЕНЕВА ОБСУДИЛИ ВОПРОСЫ ПРОФИЛАКТИКИ ПРАВОНАРУШЕНИЙ СРЕДИ МОЛОДЕЖИ
background

В УНИВЕРСИТЕТЕ ИМЕНИ ТАШЕНЕВА ОБСУДИЛИ ВОПРОСЫ ПРОФИЛАКТИКИ ПРАВОНАРУШЕНИЙ СРЕДИ МОЛОДЕЖИ

2026-02-27

Mediathek / News / В УНИВЕРСИТЕТЕ ИМЕНИ ТАШЕНЕВА ОБСУДИЛИ ВОПРОСЫ ПРОФИЛАКТИКИ ПРАВОНАРУШЕНИЙ СРЕДИ МОЛОДЕЖИ

Ж.А. Ташенев атындағы университетте Шымкент қаласы Полиция департаментінің өкілдерімен студент жастардың кездесуі өтті. Ісшараның негізгі мақсаты – жастар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндіру және құқықтық мәдениетті арттыру.
Кездесу барысында сталкинг, неке қиюға мәжбүрлеу, дропперлік әрекеттер, есірткі қылмыстары, интернет алаяқтық және қоғамдық тәртіп мәселелері кеңінен талқыланды. Спикерлер қазіргі қоғамдағы қауіп-қатерлердің сипаты өзгергенін, сондықтан жастардың құқықтық сауаттылығы мен жеке жауапкершілігі аса маңызды екенін атап өтті.
Жиында сөз сөйлеген Шымкент қаласы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Есжанов Бахтияр Бектуллаұлы жастарға нақты үндеу жасады:
«Бүгінде құқықбұзушылықтың түрі көбейді, әдісі өзгерді. Әсіресе интернет кеңістігіндегі қылмыстарға жастар жиі алданып жатады. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Әрбір студент өз әрекетінің салдарын түсінуі тиіс. Біз үшін басты міндет – жазалау емес, алдын алу. Ал алдын алу білім мен саналы көзқарастан басталады», – деді.
«Жастардың құқықтық мәдениеті жоғары болса, қоғам да қауіпсіз болады. Университет пен полицияның бірлескен жұмысы – болашаққа салынған инвестиция», – деп атап өтті ол.
Университеттің әлеуметтік даму және жастар саясаты жөніндегі проректоры Нұрай Жақабай өз сөзінде оқу орны үшін студенттердің қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығы басты басымдықтардың бірі екенін айтты:
«Білімді жас – жауапты жас. Біз тек кәсіби маман ғана емес, заңға құрметпен қарайтын, азаматтық ұстанымы берік тұлға қалыптастыруды мақсат етеміз. Мұндай кездесулер жастардың саналы шешім қабылдауына ықпал етеді», – деді.
Кездесу ашық форматта өтіп, студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.
Ташенев университеті жастар саясаты мен құқықтық тәрбие бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.