Ж. А. ТӘШЕНЕВ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ РЕКТОР МЕН СТУДЕНТТЕР АРАСЫНДА АШЫҚ ДИАЛОГ ӨТТІ
2026-02-16
Mediathek / News / Ж. А. ТӘШЕНЕВ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ РЕКТОР МЕН СТУДЕНТТЕР АРАСЫНДА АШЫҚ ДИАЛОГ ӨТТІ
Бүгін Ж. А. Тәшенев атындағы университетінде ректор Канат Байболов студенттік өзін-өзі басқару көшбасшыларымен – топ басшыларымен бейресми форматта кездесу өткізді. Ашық әрі еркін форматта өткен жиынға академиялық мәселелер жөніндегі проректор Парида Байнеева және әлеуметтік жұмыс пен жастар саясаты жөніндегі проректор Жакабай Нурай да қатысты.
Кездесу барысында университеттің стратегиялық даму бағыттары, білім беру сапасын арттыру, академиялық адалдық қағидаттарын сақтау, тәртіп пен жауапкершілікті күшейту мәселелері жан-жақты түсіндірілді. Басшылық тарапынан оқу үдерісін тиімді ұйымдастыру, білім беру бағдарламаларын жаңғырту және студенттердің ғылыми-зерттеу белсенділігін арттыру бағытындағы жоспарлар таныстырылды.
Студенттер де белсенділік танытып, академиялық оқыту сапасы, сабақ кестесінің ұйымдастырылуы, оқу процесіндегі тәртіп, оқытушылар мен білім алушылар арасындағы өзара жауапкершілік, сондай-ақ мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларды өткізуге қатысты нақты сұрақтар қойды. Әрбір сауал ашық талқыланып, ұсыныстар назарға алынды.
Университет басшылығы тәртіп пен сапа – тек талап емес, бұл ортақ мәдениет екенін атап өтті. Академиялық ортада әділдік, өзара құрмет және жауапкершілік қағидаттары берік орныққанда ғана білім сапасы артады.
Кездесу аясында 15 наурызда өтетін Конституцияға қатысты республикалық референдум мәселесі де қозғалды. Ата Заң – мемлекеттіліктің тірегі, ал белсенді азаматтық ұстаным – саналы қоғамның белгісі екені айтылды. Университет жастары үшін құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілік ұғымдары біліммен қатар қалыптасуы тиіс негізгі құндылықтардың бірі екені ерекше атап өтілді.
Осындай ашық диалог алаңдары университет қауымдастығының бірлігін нығайтып, студенттердің бастамаларын қолдауға, ортақ мақсатқа жұмылуға мүмкіндік береді. Жастардың ойы ескерілген жерде – даму бар.







