ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ АТТАШЕСІ ТАШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНЕ РЕСМИ САПАРМЕН КЕЛДІ
2026-06-10
Mediathek / News / ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ АТТАШЕСІ ТАШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНЕ РЕСМИ САПАРМЕН КЕЛДІ
ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ АТТАШЕСІ ТАШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНЕ РЕСМИ САПАРМЕН КЕЛДІ
2026 жылғы 9 маусымда Ташенев университетіне Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының білім беру мәселелері жөніндегі консул-атташесі Шүкүр Көсе ресми сапармен келді.
Сапар аясында университет басшылығымен кездесу ұйымдастырылып, ғылыми-білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды. Кездесу барысында Ташенев университетінің ректоры Қанат Байболов оқу орнының стратегиялық даму жоспарын таныстырып, Түркияның жетекші жоғары оқу орындарымен өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамыту перспективаларын қарастырды.
Қонаққа университеттің заманауи инфрақұрылымы мен инновациялық мүмкіндіктері таныстырылды. Атап айтқанда, Жасанды интеллект зертханасының жұмысы мен «Tomorrow School» білім беру жобасының қызметі көрсетілді.
Сонымен қатар, Шүкүр Көсе Әлем тілдері институтында болып, оқу үдерісінің ерекшеліктерімен танысты. Студенттермен өткен кездесуде академиялық ұтқырлық бағдарламаларының мүмкіндіктері мен халықаралық білім беру кеңістігіндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сапар қорытындысында тараптар бұл кездесудің халықаралық әріптестікті нығайтуға, білім және ғылым саласындағы байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ университеттің жаһандық білім беру кеңістігіне интеграциялануына тың серпін беретінін атап өтті.



