TASHENEV UNIVERSITY-мен МОНҒОЛИЯ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ УНИВЕРСИТЕТІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
background

TASHENEV UNIVERSITY-мен МОНҒОЛИЯ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ УНИВЕРСИТЕТІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

2026-06-23

Mediathek / News / TASHENEV UNIVERSITY-мен МОНҒОЛИЯ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ УНИВЕРСИТЕТІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Study Inn бағдарламасы аясында және білім беруді интернационалдандыру мен халықаралық әріптестікті дамыту стратегиясын іске асыру мақсатында Ташенев Университетінің Әлем тілдері факультеті деканының орынбасары Садвакасова Даяна 2026 жылғы 11–12 маусым күндері Моңғолияға жұмыс сапарымен барды.
Сапардың негізгі мақсаты халықаралық ынтымақтастықты дамыту, академиялық байланыстарды кеңейту және Ташенев Университетінің білім беру мүмкіндіктерін шетелдік серіктестер мен болашақ халықаралық талапкерлер арасында таныстыру болды.
Жұмыс сапары барысында Моңғолияның жетекші білім беру ұйымдарының өкілдерімен ресми кездесулер өтті. Атап айтқанда, Моңғолия ұлттық білім беру университеті (Mongolian National University of Education), Моңғолия ұлттық университеті (Mongolian National University), Бірлескен Ресей-Моңғол мектебі, сондай-ақ Ұлан-Батыр қаласындағы NEST Education IT School және Tomujin Alternative High School басшылығымен келіссөздер жүргізілді.
Кездесулер барысында жоғары білім, ғылым және академиялық ұтқырлық салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары талқыланды. Ташенев Университетінің бакалавриат және магистратура бағдарламаларына шетелдік студенттерді тарту, академиялық алмасу бағдарламаларын дамыту, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ институционалдық әріптестікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – Ташенев Университеті мен Моңғолия ұлттық білім беру университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Аталған құжат студенттер мен оқытушылар алмасуын дамытуға, бірлескен білім беру бастамаларын іске асыруға және ғылыми іс-шараларды ұйымдастыруға негіз қалайды.
Сонымен қатар, Бірлескен Ресей-Моңғол мектебінің өкілдерімен кездесулер өткізіліп, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру, оқушылардың Ташенев Университетінде білім алу мүмкіндіктері туралы ақпараттануын арттыру және тұрақты білім беру байланыстарын қалыптастыру мәселелері қарастырылды.
Сапар аясында Ташенев Университетінің таныстырылымдары өткізіліп, моңғолиялық білім беру ұйымдарының өкілдеріне университеттің білім беру бағдарламалары, қабылдау талаптары, академиялық даму мүмкіндіктері, халықаралық жобалары және шетелдік студенттерге ұсынылатын артықшылықтары туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша моңғолиялық білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жөнінде алдын ала келісімдерге қол жеткізілді. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Study Inn бағдарламасы аясындағы халықаралық байланыстарды дамыту Ташенев Университетінің халықаралық білім беру кеңістігіндегі позициясын нығайтуға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге және университеттің білім беру бағдарламаларының шетелдік студенттер үшін тартымдылығын арттыруға ықпал етеді