🇫🇷 🇰🇿 ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНЕ ФРАНЦИЯНЫҢ ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӨНІНДЕГІ АТТАШЕСІ РЕСМИ САПАРМЕН КЕЛДІ
2026-05-29
Mediathek / News / 🇫🇷 🇰🇿 ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНЕ ФРАНЦИЯНЫҢ ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӨНІНДЕГІ АТТАШЕСІ РЕСМИ САПАРМЕН КЕЛДІ
Тәшенев университетіне Францияның жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі атташесі ресми сапармен келді. Кездесу халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту және жоғары білім беру саласындағы серіктестік байланыстарды нығайту аясында ұйымдастырылды.
Сапар барысында университет өкілдері қонақты Тәшенев университетінің білім беру, ғылыми және инновациялық қызметімен, халықаралық жобаларымен және оқу орнының стратегиялық даму бағыттарымен таныстырды.
Кездесу аясында қазақстандық және француздық жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар қос диплом бағдарламаларын жүзеге асыру, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын дамыту, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын ұйымдастыру, халықаралық білім беру бастамалары мен гранттық бағдарламаларға қатысу перспективаларын талқылады.
Тәшенев университетінің вице-ректоры Рысбекова Жанар Қасымбекқызы халықаралық серіктестіктің университет дамуы үшін маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Бүгінде жоғары оқу орындары үшін халықаралық академиялық байланыстарды нығайту, тәжірибе алмасу және үздік білім беру тәжірибелерін енгізу аса маңызды. Франция университеттерімен ынтымақтастық біздің студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл ғылым мен инновацияны дамытуға, сондай-ақ білім сапасын арттыруға үлкен серпін береді», — деді Жанар Қасымбекқызы.
Өз кезегінде Франция делегациясының өкілі Тәшенев университетіндегі білім беру ортасы мен заманауи инфрақұрылымға жоғары баға берді.
«Тәшенев университетінің халықаралық ынтымақтастықты дамытуға деген ұмтылысы ерекше әсер қалдырды. Университетте инновациялық бағыттардың дамуына, студенттердің әлеуетін ашуға және заманауи технологияларды енгізуге үлкен көңіл бөлінетіні байқалады. Француз жоғары оқу орындарымен серіктестікті дамыту үшін жақсы мүмкіндіктер бар деп есептеймін», — деп атап өтті делегация өкілі.
Сапар аясында қонақ Tomorrow School және Тәшенев университетінің Жасанды интеллект зертханасында болды. Онда қазіргі білім беру әдістері, студенттердің инновациялық жобалары, цифрлық әзірлемелері және жасанды интеллект технологияларын оқу процесінде қолдану мүмкіндіктері таныстырылды.
Кездесу барысында студенттердің Франциядағы білім беру бағдарламалары мен тағылымдамаларға қатысу мүмкіндіктері, тілдік дайындықты дамыту, сондай-ақ Тәшенев университеті мен француз білім беру мекемелері арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою перспективалары талқыланды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар білім, ғылым және академиялық алмасу салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және серіктестік қатынастарды одан әрі нығайтуға өзара қызығушылық білдірді




