«ТӘШЕНЕВ ОҚУЛАРЫ – IV: AI ДӘУІРІНДЕГІ ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМНІҢ ЖАҺАНДЫҚ ПРОЦЕСТЕРІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
background

«ТӘШЕНЕВ ОҚУЛАРЫ – IV: AI ДӘУІРІНДЕГІ ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМНІҢ ЖАҺАНДЫҚ ПРОЦЕСТЕРІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

2026-04-23

Mediathek / News / «ТӘШЕНЕВ ОҚУЛАРЫ – IV: AI ДӘУІРІНДЕГІ ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМНІҢ ЖАҺАНДЫҚ ПРОЦЕСТЕРІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

2026 жылғы 23 сәуірде Жұмабек Ахметұлы Тәшенев университетінде «Тәшенев оқулары – IV: AI дәуіріндегі ғылым мен білімнің жаһандық процестері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жоғары деңгейде ұйымдастырылып, табысты өтті.
Ауқымды ғылыми алаңға Қазақстанмен қатар АҚШ, Түркия, Болгария, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен жетекші ғалымдар, сарапшылар мен білім беру саласының өкілдері қатысып, жасанды интеллект дәуіріндегі ғылым мен білімнің даму бағыттарын талқылады.
Конференцияның ашылуында университет ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Қанат Байболов сөз сөйлеп:
«Жасанды интеллект – тек технологиялық құрал емес, ол білім беру жүйесінің мазмұны мен тәсілдерін түбегейлі өзгертетін стратегиялық фактор. Қазіргі кезеңде университеттердің басты міндеті – осы өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, оларды қалыптастыратын орталыққа айналу», – деп атап өтті.
Конференция барысында цифрлық трансформация, кибергигиена, жоғары білім беруді интернационалдандыру, жасанды интеллекттің білім беру үдерісіне ықпалы, тіл білімі мен ғылымның өзекті бағыттары жан-жақты қарастырылды.
Болгариядағы Варна университетінің ректоры Крассимира Станева өз баяндамасында:
«Цифрлық трансформация жоғары білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуде. Бүгінде университеттер тек білім беруші емес, инновация мен жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі орталығына айналуы тиіс», – деп атап өтті.
Сондай-ақ халықаралық сарапшы, Beijing Huatec Information Technology Co., LTD компаниясының Халықаралық білім беру жоспарлау жөніндегі директоры Тони Сан:
«Жасанды интеллектке негізделген білім беру шешімдері оқу үдерісін жаңа деңгейге көтеріп, университеттердің жаһандық білім кеңістігіне тиімді интеграциялануына жол ашады», – деп өз пікірімен бөлісті.
Конференция аясында қатысушылар ғылыми баяндамаларын ұсынып, тәжірибе алмасып, білім мен ғылымды дамытуға бағытталған нақты ұсыныстарын білдірді. Іс-шара үш секция бойынша жалғасып, білім берудегі жасанды интеллект, ғылымның даму перспективалары және академиялық беделді арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
«Тәшенев оқулары» конференциясы дәстүрлі түрде өткізіліп, ғылым, білім және инновацияны біріктіретін халықаралық маңызы бар алаң ретінде өз мәртебесін тағы бір мәрте айқындады.