«Талшықтардың құрылымын жарық микроскопия әдісімен зерттеу. Микроскопқа талшық үлгілерін дайындау»
2026-02-18
2026 жылғы 18 ақпанда «Өнер және көркем еңбек» кафедрасының магистрі, аға оқытушы Қалабаева Қызбала Райымбекқызы ПиК25-2к3 және ПиК25-2к4 топтарында «Салалық материалтану» пәні бойынша «Талшықтардың құрылымын жарық микроскопия әдісімен зерттеу. Микроскопқа талшық үлгілерін дайындау» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
Ашық сабаққа кафедра меңгерушісі, PhD докторы, қауымдастырылған профессор Қонақбаева Ұлжамал Жандаралиевна, п.ғ.к., доцент Қарсыбаев Бастарбек Тоқтарович, магистр, аға оқытушылар Алшымбаева Сәуле Нағашбекқызы және Көбеева Нұргүл Мұхтарқызы қатысты.
Сабақтың мақсаты – студенттерге талшықтардың морфологиялық құрылымын жарық микроскопия әдісі арқылы зерттеу дағдыларын қалыптастыру және микропрепарат дайындау технологиясын меңгерту. Практикалық бөлімде білім алушылар талшық үлгілерін дайындау кезеңдерін (таңдау, өңдеу, әйнекке орналастыру, бекіту) орындап, микроскоп арқылы олардың құрылымдық ерекшеліктерін талдады.
Практикалық жұмыс барысында салалық материалтану аясында әртүрлі мата түрінің талшықтық құрамы мен тоқылу ерекшеліктері қарастырылып, олардың физика-механикалық қасиеттеріне құрылымның әсері түсіндірілді. Студенттер талшықтардың табиғи және химиялық түрлерінің микроскопиялық белгілерін салыстырмалы түрде талдап, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырды.
Ашық сабақ жоғары деңгейде ұйымдастырылып, білім алушылардың зерттеушілік құзыреттілігін дамытуға, материалдардың құрылымдық ерекшеліктерін терең түсінуіне және болашақ кәсіби қызметінде қолдану дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік берді.



