ЖАНАР РЫСБЕКОВА TASHENEV UNIVERSITY РЕКТОРЫ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
2026-08-06
Медиатека / Жаңалықтар / ЖАНАР РЫСБЕКОВА TASHENEV UNIVERSITY РЕКТОРЫ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
ЖАНАР РЫСБЕКОВА TASHENEV UNIVERSITY РЕКТОРЫ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
«Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университет» Акционерлік қоғамының Директорлар кеңесі отырысының шешіміне сәйкес, Басқарма Төрағасының бұйрығымен Рысбекова Жанар Қасымбекқызы университеттің Басқарма мүшесі - Ректоры болып тағайындалды.
Жанар Қасымбекқызы – 30 жылға жуық еңбек өтілі бар тәжірибелі басқарушы, заң ғылымдарының кандидаты.
1997–2011 жылдары Қазақстанның бірқатар мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындарында оқытушы, аға оқытушы, доцент және профессор қызметтерін атқарды.
2011–2013 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде құқықтық қамтамасыз ету саласында басшылық қызметтерде еңбек етті.
2013–2017 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы полициясы академиясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде аса маңызды істер жөніндегі офицер, консультативтік орталықтың жетекшісі болды. Қызметтік міндеттерін адал әрі үлгілі атқарғаны үшін ведомстволық наградалармен наградталған, оның ішінде «Қазақстан Республикасының құқықтық дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен және Қазақстан Республикасы Қаржы полициясы академиясының медалімен наградталған.
2017–2021 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі зерттеу орталығының жетекшісі, Академиялық бағдарламалар орталығының басшысы, кейін Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры қызметтерін атқарды.
2021–2025 жылдары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде стратегиялық даму және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор, Басқарма мүшесі болды.
2025 жылдан бері Tashenev University-де вице-ректоры, Басқарма мүшесі ретінде университеттің стратегиялық дамуы, ғылым, халықаралық ынтымақтастық, аккредиттеу және жобалық басқару бағыттарына жетекшілік етті.
Жанар Қасымбекқызы халықаралық деңгейдегі кәсіби сертификаттардың иегері, ғылым мен жоғары білімді дамытуға бағытталған көптеген жобалардың авторы.
Жобалық менеджмент, корпоративтік басқару, сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент, жоғары білім беру менеджменті және адам капиталын басқару салаларында халықаралық деңгейдегі кәсіби біліктіліктер мен сертификаттардың иегері. ISO 21500 жобалық менеджменті, ISO 37001 сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесі, ICU халықаралық коучинг стандарты және тәуелсіз директор (QID) біліктілігі бойынша сертификатталған. Сондай-ақ Мәскеу басқару мектебі «СКОЛКОВО», Danube Business School (Аустрия) және Erasmus+ халықаралық бағдарламасы аясында кәсіби тағылымдамалар мен біліктілікті арттыру курстарынан өткен.
