Тәшенев Университеті мен Woosong University Kazakhstan жасанды интеллект және IT-білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда
2026-06-19
Тәшенев Университеті мен Woosong University Kazakhstan жасанды интеллект және IT-білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда
2026 жылғы 18 маусымда Тәшенев Университетінде Қазақстандағы ағылшын тілінде білім беретін Оңтүстік Корея университетінің алғашқы халықаралық IT-кампусы – Woosong University Kazakhstan өкілдерімен кездесу өтті.
Сапар аясында Woosong University Kazakhstan өкілдері Тәшенев Университетінің білім беру және ғылыми инфрақұрылымымен танысты. Қонақтарға Жасанды интеллект зертханасы мен Tomorrow School инновациялық алаңының мүмкіндіктері таныстырылды. Аталған алаңдарда студенттер заманауи технологиялық жобалармен айналысып, цифрлық құзыреттерін дамытып, жоғары технологиялар саласында практикалық дағдыларды меңгеруде.
Woosong University (WSU) – Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында орналасқан мамандандырылған университет. 1995 жылы құрылғаннан бері оқу орны тәжірибеге бағытталған білім беру бағдарламаларын, шетел тілдерін оқытуды және жоғары технологиялық IT бағыттарын дамытып келеді.
Кездесу барысында Woosong University Kazakhstan өкілі Дарина Бектанова Түркістандағы кампустың жұмысы, IT бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыру ерекшеліктері және білім беру бағыттарын кеңейту жоспарлары туралы таныстырды. Бұл жоспарлар студенттерге қосымша білім алу мүмкіндіктерін ұсынуға мүмкіндік береді.
Woosong University Kazakhstan өкілдері Тәшенев Университетінің цифрлық білім беруді дамытуға бағытталған бастамаларын жоғары бағалап, университет студенттері мен оқытушыларының Түркістан қаласындағы Woosong University Kazakhstan кампусына бірлескен сапар ұйымдастыру туралы ұсынысын қолдады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы меморандум әзірлеуге келісті. Құжат студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның академиялық алмасу бағдарламаларын іске асыруға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және жаңа IT-жобаларды дамытуға негіз болады.
Тәшенев Университеті мен Woosong University Kazakhstan арасындағы ынтымақтастық жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және цифрлық технологиялар саласында жоғары білікті мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашып, халықаралық байланыстарды нығайтуға және Қазақстандағы инновациялық білім беруді дамытуға ықпал етеді.

