Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы кабинет салтанатты түрде ашылды
2026-04-09
Педагогикалық және жаратылыстану ғылымдары институтының Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасында ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген оқу кабинетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Тағылымды іс-шара Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты А.А. Аққұзовтың ұйымдастыруымен өткізілді.
Салтанатты шараға университет ректоры Байболов Қ.С. қатысып, жаңа кабинеттің лентасын қиып, ашылу рәсімін өткізді. Өз сөзінде ректор Ахмет Байтұрсынұлының қазақ халқының рухани-мәдени дамуына, ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуына және ана тілінің мәртебесін көтеруге қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталды. Сонымен қатар, мұндай тағылымды кабинеттердің жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырудағы маңызы ерекше екенін атап өтіп, кафедра ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
Іс-шара барысында Педагогикалық және жаратылыстану ғылымдары институтының директоры Арзымбетова Ш.Ж. сөз сөйлеп, Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық мұрасын дәріптеу – бүгінгі білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, жаңа кабинеттің білім алушылардың кәсіби даярлығын жетілдіруге, ғылыми ізденістерін дамытуға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға ықпал ететініне сенім білдірді.
Кафедра меңгерушісі Амирова Г.О. өз сөзінде кафедраның оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстарында Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық мұрасы кеңінен қолданылып келе жатқанын айтып, жаңа кабинеттің студенттердің білім сапасын арттыруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыруға және тәрбиелік бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік беретін маңызды білім беру кеңістігіне айналатынын жеткізді.
Іс-шара барысында Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған көрме таныстырылып, білім алушылар ұлт ұстазының шығармаларынан үзінділер оқып, оның ағартушылық қызметі мен ғылыми мұрасы туралы мазмұнды баяндама жасады.
Салтанатты жиын соңында қатысушылар жаңа кабинетті аралап, оның материалдық-техникалық базасымен, оқу-әдістемелік қорымен және Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы көрме бұрышымен танысты.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы кабинеттің ашылуы – ұлттық құндылықтарды ұлықтау, ұлт зиялыларының мол мұрасын жас ұрпаққа дәріптеу және сапалы білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы маңызды қадам болды.


