ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ: Ж.А. ТАШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ТАҒЫЛЫМДАМАДАН СӘТТІ ӨТТІ
2026-03-19
Медиатека / Жаңалықтар / ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ: Ж.А. ТАШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ТАҒЫЛЫМДАМАДАН СӘТТІ ӨТТІ
Ж.А. Ташенев атындағы университеттің педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Арзымбетова Шолпан Жақсылыққызы «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында Германия Федеративтік Республикасында ғылыми тағылымдамадан сәтті өтті.
Тағылымдама бір жыл бойы Бремен қаласындағы Constructor University базасында «Artificial Intelligence» бағыты бойынша жүзеге асырылды. Бағдарлама барысында заманауи машиналық және терең оқыту әдістері, үлкен деректерді өңдеу технологиялары, нейрондық желілерді әзірлеу мен оқыту қағидаттары жан-жақты меңгерілді.
Сонымен қатар, жасанды интеллект технологияларын білім беру және ғылыми-зерттеу қызметінде тиімді қолдану бойынша практикалық дағдылар қалыптастырылды. Алынған білім мен халықаралық тәжірибе университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталатын болады.
Университет ғалымдарының «Болашақ» бағдарламасы аясындағы «500 ғалым» жобасына қатысуы отандық ғылымның дамуына серпін беріп, Қазақстанның әлемдік білім және ғылым кеңістігіне ықпалдасуына маңызды үлес қосады.

