Ж. ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БОЙЫНША ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДАҒА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСУДА
2026-03-19
Медиатека / Жаңалықтар / Ж. ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БОЙЫНША ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДАҒА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСУДА
Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі бастамасымен ұйымдастырылған «Қаржылық қауіпсіздік бойынша Ұлттық олимпиада – 2026» аясында Ж. Тәшенев университетінде мазмұнды кездесу өтті. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру, заманауи қаржылық қауіптерден қорғану дағдыларын қалыптастыру және кәсіби бағыт-бағдар беру.
Кездесу барысында экономика және IT кафедраларының оқытушылары (Мәулімсейіт Дана Техника ғылымдарының магистрі, Рахметуллақызы Айсулу Техника ғылымдарының магистрі), сондай-ақ IT факультетінің деканы студенттерге қаржылық қауіпсіздіктің маңыздылығы туралы жан-жақты баяндама жасады.
Іс-шараның арнайы қонағы – Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің офицері, тергеуші Амир Қасымбеков студенттерге қаржылық алаяқтықтың өзекті түрлері, соның ішінде дропперлік схемалар туралы айтып, нақты мысалдар келтірді және қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
> «Қазіргі таңда қаржылық алаяқтықтың түрлері күрделеніп барады. Әсіресе жастар дропперлік схемалардың құрбанына жиі айналады. Сондықтан әрбір азамат қаржылық қауіпсіздік негіздерін білуі тиіс», – деп атап өтті тергеуші Амир Қасымбеков.
Кездесуді университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Парида Байнеева модерациялады. Ол өз сөзінде студенттердің мұндай бастамаларға белсенді қатысуының маңыздылығын ерекше атап өтті:
> «Қаржылық сауаттылық – бүгінгі күннің басты дағдыларының бірі. Біздің студенттеріміздің осындай ұлттық деңгейдегі олимпиадаға қатысуы – олардың кәсіби дамуына үлкен мүмкіндік», – деді проректор Парида Байнеева.
Айта кетейік, «Қаржылық қауіпсіздік бойынша Ұлттық олимпиада – 2026» бірнеше кезеңнен тұрады: тіркелу (1–31 наурыз), тестілеу (2 сәуір), эссе кезеңі (8 сәуір) және финал (27 сәуір). Олимпиадаға құқықтану, экономика, халықаралық қатынастар және ақпараттық қауіпсіздік мамандықтарының студенттері қатыса алады.
Олимпиада жеңімпаздары Қазақстан Республикасының намысын қорғап, Ресей Федерациясында өтетін халықаралық қаржылық қауіпсіздік олимпиадасында ел атынан өнер көрсететін болады.
Ж. Тәшенев университетінің студенттері бұл маңызды білім бәйгесіне белсенді қатысып, өз білімдері мен дағдыларын жаңа деңгейге көтеруге дайын! 







