ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАСЫ БОЙЫНША ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
2026-02-19
Медиатека / Жаңалықтар / ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАСЫ БОЙЫНША ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАСЫ БОЙЫНША ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Университет қабырғасында Қазақстан Республикасының Конституциялық реформасы аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына арналған мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Ғылыми сарапшылық топтың “Жас ғалымдар” клубының жетекшісі Торғауытова Шолпан Әшірәліқызы, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Жалмұрзаев Батырбек Қаратайұлы, сондай-ақ Ж.А. Ташенев атындағы университеттің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Жақабай Нұрай Ерболғанқызы қатысты.
Кездесу барысында Конституциялық реформаның ел дамуы үшін стратегиялық маңызы, құқықтық мемлекетті нығайтудағы рөлі және азаматтық жауапкершілікті арттырудағы мәні кеңінен түсіндірілді.
Торғауытова Шолпан Әшірәліқызы өз сөзінде:
«Конституциялық реформа – бұл тек заңнамалық өзгеріс емес, бұл – қоғам санасының жаңғыруы. Жастар құқықтық мәдениеттің тірегіне айналуы тиіс», – деп атап өтті.
Жалмұрзаев Батырбек Қаратайұлы:
«Ата Заң – мемлекетіміздің берік іргетасы. Оны қолдау – ел болашағына жауапкершілікпен қараудың айқын көрінісі», – деді.
Проректор Жақабай Нұрай Ерболғанқызы:
«Біздің міндетіміз – студент жастарға құқықтық сауаттылықты терең меңгертіп, елдік мәселелерге бейжай қарамайтын азамат қалыптастыру», – деп атап өтті.
Кездесу барысында «Құқық» мамандығының бірінші курс студенттері белсенділік танытып, конституциялық өзгерістердің мазмұны, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң үстемдігі қағидаттары жөнінде нақты сұрақтар қойды. Ашық диалог форматында өткен жиын жастардың құқықтық реформаларға деген жоғары қызығушылығын көрсетті.
Кездесу қорытындысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Конституциялық реформасын толық қолдайтындықтарын білдіріп, елдің құқықтық және демократиялық дамуына бағытталған бастамаларға бейілді екендерін атап өтті.



