Tashenev University-де «Ашық есік күні» өтті: 300-ден астам колледж түлегі университетпен танысты
2026-11-18
TASHENEV UNIVERSITY-ДЕ «АШЫҚ ЕСІК КҮНІ» ӨТТІ: 300-ДЕН АСТАМ КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕГІ УНИВЕРСИТЕТПЕН ТАНЫСТЫ
Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеттің Жаратылыстану ғылымдары факультетінде талапкерлерге арналған «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.
Ауқымды іс-шараға Шымкент қаласындағы Манап Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжі, Экономикалық колледж, Индустриалды-экономикалық колледж және Аграрлық колледжден 300-ге жуық бітіруші студент қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – колледж түлектеріне университеттің білім беру мүмкіндіктерін таныстыру, жоғары білім алу бағыттары туралы ақпарат беру және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға қолдау көрсету.
Іс-шара барысында қатысушылар университеттің білім беру бағдарламаларымен, материалдық-техникалық базасымен, ғылыми-зертханалық әлеуетімен және студенттерге ұсынылатын мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар университет өкілдері талапкерлердің сұрақтарына жауап беріп, жоғары білім алуды жалғастыру жолдары туралы ақпарат ұсынды.
Шолпан Моминова, Жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы:
«Бүгінгі Ашық есік күнінің басты мақсаты – колледж түлектеріне университетіміздің білім беру мүмкіндіктерін кеңінен таныстырып, олардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына бағыт-бағдар беру. Біз үшін әрбір талапкердің университет өмірімен жақынырақ танысып, өзіне қажетті ақпарат алуы маңызды.
Бүгін төрт колледжден келген 300-ге жуық бітіруші студент университетіміздің тыныс-тіршілігімен, білім беру бағдарламаларымен және ғылыми-инновациялық әлеуетімен танысты. Осындай кездесулер жастардың жоғары білімге деген қызығушылығын арттырып, кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін».
Tashenev University талапкерлермен кәсіби бағдар беру бағытындағы кездесулерді жалғастырып, жастардың сапалы білім алуына және болашақ маман ретінде қалыптасуына жағдай жасауды көздейді.
Tashenev University – білім мен мүмкіндіктер тоғысқан орта!




