ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН ЖАС ҚАЛАМГЕР ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Қазақ әдебиеті мұхит асып, әлемдік оқырманға жол тартты. Шымкенттік жас жазушы Сүндет Сейітовтің шығармалары АҚШ пен Аустралия кітапханаларының қорынан орын алды. Халықаралық деңгейде жетістікке жеткен қаламгер Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеттің студенттерімен кездесіп, шығармашылық жолы туралы ой бөлісті.
Жақында жас ақын әрі жазушы Сүндет Сейітовтің туындылары АҚШ пен Аустралияның бірқатар беделді кітапханаларының қорына қабылданды. Жеке бастамасы мен табанды еңбегінің арқасында халықаралық деңгейде танылып келе жатқан қаламгердің бұл жетістігі бір күнде жүзеге асқан жоқ. Ол үш жүзден астам ресми хат жолдап, шетелдік баспалармен байланыс орнатқан.
Нәтижесінде ағылшын тіліне аударылған «Ұмытпас» атты философиялық жырлар жинағы мен «Дрон шоу» шығармасы АҚШ-тың 31 штаты мен Вашингтондағы 198 кітапхана жүйесінің электрондық каталогына енгізілді.
«Бұл – ұзақ процесс. Біраз уақыт алды. Ерінбей, шетелдік баспаларға үш жүздей хат жаздым. Содан кейін Американың бір штатынан жауап келіп, кітаптарымды жіберуімді сұрады. Тақырыптар ұнаған болуы керек. Кейін өзара келісімшарт жасалып, шығармаларым ағылшын тіліне аударылды», – деді ақын әрі жазушы Сүндет Сейітов.
Тағылымды кездесуге студенттер мен оқытушылар белсенді қатысты. Басқосу барысында білім алушылар қаламгердің шығармаларын жатқа оқып, көкейлеріндегі сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.
«Бүгінгі кездесудің арқасында кітап оқуға деген қызығушылығым артты. Кездесуге дейін Сүндет Сейітовтің бірқатар шығармасын оқып шықтым. Әсіресе, психологиялық және қоғамдағы маңызды тақырыптарды қамтыған повестері ұнады», – деді Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеттің студенті Мелек Алиева.
Сүндет Сейітов – АҚШ Авторлар гильдиясына қабылданған алғашқы қазақстандық жазушы. Қазақ әдебиетінің өрісін кеңейтіп, ұлттық сөз өнерін халықаралық деңгейде танытып жүрген қаламгер алдағы уақытта туындыларын Еуропа елдерінің оқырмандарына ұсынуды жоспарлап отыр.