Стратегиялық серіктестер форумы: Тәшенев университеті халықаралық байланыстарын кеңейтуде
background

Стратегиялық серіктестер форумы: Тәшенев университеті халықаралық байланыстарын кеңейтуде

2026-11-18

Медиатека / Жаңалықтар / Стратегиялық серіктестер форумы: Тәшенев университеті халықаралық байланыстарын кеңейтуде

СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТЕР ФОРУМЫ: ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРЫН КЕҢЕЙТУДЕ

2026 жылғы 18 қарашада Астана қаласында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумы өз жұмысын бастады.

Халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның өңірлік ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған ауқымды жиынға Қазақстанның және шетелдердің жоғары оқу орындарының басшылары, халықаралық ұйымдардың, ғылыми орталықтардың, мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпус пен өндірістік сектордың 400-ден астам өкілі қатысты.

Форумның негізгі тақырыптары трансұлттық білім беру, шетелдік университеттермен стратегиялық әріптестік орнату, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, академиялық ұтқырлықты дамыту, сондай-ақ жоғары білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу мәселелерін қамтыды.

Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйлеп, еліміздің халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі жетістіктері мен саланы одан әрі дамытудың негізгі басымдықтарын таныстырды. Министр қазіргі уақытта елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмыс істейтінін, ал қазақстандық университеттерде білім алып жатқан шетелдік студенттер саны 41 мыңға жеткенін атап өтті.

Форум аясында Tashenev University Басқарма төрағасы – ректоры Жанар Қасымбекқызы Рысбекова Болгарияның Варна менеджмент университетінің ректоры, профессор Красимира Станевамен кездесті.

Кездесу Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен өтті.

Тараптар жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, академиялық байланыстарды нығайту, білім беру бағдарламалары мен бірлескен ғылыми-зерттеу бастамалары аясындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.

Айта кетейік, Красимира Станева бастаған Болгария делегациясы бұған дейін, 16 қарашада, Шымкент қаласында өткен «Болашақ университеті: жасанды интеллект дәуіріндегі көшбасшылық, зерттеулер және білім беру» атты халықаралық форумға қатысқан болатын. Сапар барысында шетелдік қонақтар Tashenev University-дің ғылыми-инновациялық әлеуетімен танысты.

Осылайша, Астана қаласында өткен кездесу бұған дейін басталған диалогтың жалғасына айналып, Қазақстан мен Болгария университеттері арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған тағы бір маңызды қадам болды.