ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ: ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
2026-11-12
ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ: ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
12 қарашада Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университетте Құқық кафедрасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шараға Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы прокуратурасының аға прокурорлары Данияр Жамантаев пен Дулат Сәрсенбек қатысып, студенттерге заң талаптарын сақтау, құқықтық жауапкершілік және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөнінде баяндама жасады.
Кездесу барысында жаңа Конституцияның маңызына, оның қоғамдағы заң үстемдігін нығайтудағы, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы және азаматтардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етудегі рөліне ерекше назар аударылды.
Жаңа конституциялық қағидаттар азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, жастардың әлеуетін ашуға және жауапкершілігі жоғары, әділетті қоғам қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер береді. Осы ретте әрбір жас өз құқығын біліп қана қоймай, өзгенің құқығын құрметтеп, заң алдындағы жауапкершілігін сезінуі маңызды.
Университеттің «Экономика және құқық» факультетінің деканы Алмара Наурызбекова құқықтық тәрбие мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудағы жоғары оқу орнының рөліне тоқталды.
«Біздің міндетіміз – тек кәсіби маман даярлау емес, заңды құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін білетін, жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеу», – деп атап өтті декан.
Кездесу барысында студенттер прокурорларға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты. Атап айтқанда, жастар арасындағы құқық бұзушылық, буллинг, сталкинг, дропперлік және есірткі қылмыстарының алдын алу мәселелері талқыланды.
Мұндай кездесулер Мемлекет басшысы көтерген «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға, жаңа Конституцияның құндылықтарын түсіндіруге, құқықтық мәдениетті арттыруға және «Таза Қазақстан» идеясымен үндес саналы азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған.
Заңды білу – міндет, құқықты құрметтеу – мәдениет, ал заң үстемдігін сақтау – әр азаматтың парызы!





