Тәшенев университетінің студенттері республикалық олимпиадада ІІ орын иеленді
2026-11-12
Тәшенев университетінің студенттері республикалық олимпиадада ІІ орын иеленді
Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеттің «Экономика және менеджмент» кафедрасының студенттер командасы Алматы қаласында өткен «Қаржы» білім беру бағдарламасы бойынша республикалық пәндік студенттік олимпиадада жүлделі ІІ орынға ие болды.
Білім додасына Қазақстанның жоғары оқу орындарынан 29 команда қатысып, болашақ қаржыгерлер өздерінің теориялық білімдерін, кәсіби даярлығын, аналитикалық ойлау қабілеті мен практикалық дағдыларын сынға салды.
Олимпиада бірнеше кезеңнен тұрды.
Бірінші кезең – «Таныстыру».
Қатысушы командалар өздерінің атауын, ұранын және капитанын таныстырып, жасанды интеллект технологияларының көмегімен әзірленген бейнеролик арқылы шығармашылық қабілеттері мен командалық бірлігін көрсетті. Бұл кезеңде шығармашылық ерекшелік, таныстырылым мазмұны және команданың өзіндік имиджі бағаланды.
Екінші кезең – «Үй тапсырмасы».
Қатысушылар қаржы саласындағы өзекті тақырыптардың бірін таңдап, оны ғылыми тұрғыдан талдап, презентация түрінде қорғады.
Студенттер келесі бағыттарды қарастырды:
🔹 жеке қаржы мен студенттік бюджетті басқару;
🔹 инфляцияға қарсы жасанды интеллект алгоритмдерін қолдану;
🔹 банкроттықты болжауда нейрондық желілерді пайдалану;
🔹 қаржы секторындағы реттеушілік технологиялар – RegTech және Compliance;
🔹 шағын инвестициялар мен микроинвестициялау;
🔹 шағын және орта бизнесті қаржыландыру;
🔹 жасанды интеллект негізіндегі инвестициялық талдау.
Бұл кезеңде жобалардың өзектілігіне, идеялардың бірегейлігі мен ғылыми негізділігіне басымдық берілді.
Үшінші кезең – «Капитандар сайысы».
Команда капитандары қаржылық талдау мен инвестициялық бағалауға қатысты теориялық және практикалық тапсырмаларды орындады. Олар ақшаның уақыттық құны (TVM), таза дисконтталған кіріс (NPV), ішкі кірістілік нормасы (IRR), капиталдың орташа өлшенген құны (WACC) және өтелу мерзімі (Payback Period) сияқты маңызды қаржылық көрсеткіштер бойынша білімдері мен есептеу дағдыларын көрсетті.
Олимпиада қорытындысы бойынша Тәшенев университетінің командасы 29 команданың арасынан үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі ІІ орынға ие болды.
Жүлдегерлер:
🔹 Байбол Аида Темірбекқызы – 1-курс студенті;
🔹 Үшкемпір Асылан Рүстемқызы – 2-курс студенті;
🔹 Назаров Абдуазиз Қоныратбайұлы – 1-курс студенті;
🔹 Бахтыбайқызы Азия – 1-курс студенті.
Команда жетекшісі әрі тәлімгері: «Экономика және менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы Абдрахманова Зулпаруза Әмірбекқызы.
Студенттеріміз бен олардың жетекшісін лайықты жетістігімен құттықтаймыз! Бұл нәтиже – жүйелі дайындықтың, сапалы білімнің, ізденіс пен командалық жұмыстың жемісі.
Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, университет мерейін асқақтата берулеріңізге тілектеспіз!
Тәшенев университеті – білім мен жетістіктер мекені!




