Тәшенев университетінің Басқарма төрағасы ғасыр жасаған ұстазға құрмет көрсетті
background

Тәшенев университетінің Басқарма төрағасы ғасыр жасаған ұстазға құрмет көрсетті

2026-11-11

Медиатека / Жаңалықтар / Тәшенев университетінің Басқарма төрағасы ғасыр жасаған ұстазға құрмет көрсетті

Тәшенев университетінің Басқарма төрағасы ғасыр жасаған ұстазға құрмет көрсетті

2026 жылғы 11 қарашада Ж.А. Тәшенев атындағы университеттің Басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Түркістан облысының құрметті азаматы Оңалбай Аяшев өзінің әріптес-ұстазы, тарихшы-ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Қапира Сәдуақасоваға арнайы барып, «Құрмет» орденімен марапатталуымен құттықтап, ізет-құрмет көрсетті.

Бұл жүздесудің өзіндік тағылымы бар. Қапира апайдың саналы ғұмыры мен еңбек жолы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің тарихымен тығыз байланысты. Ол кезінде М. Әуезов есімін иеленген Шымкент педагогикалық институтында ұзақ жылдар қызмет етіп, білім беру саласында талай шәкірт тәрбиеледі.

Оңалбай Аяшев те осы қарашаңырақтың дамуына елеулі үлес қосып, 2011–2019 жылдары оқу орнын басқарған. Осылайша, екі тұлғаны ортақ білім ордасының тарихы, әріптестік және ұстаздық жол тоғыстырады.

Кездесу барысында Оңалбай Аяшев университет ұжымы атынан ақжарма тілегін жеткізіп, отандық білім мен ғылымның дамуына және жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан өлшеусіз еңбегі үшін Қапира Сәдуақасоваға алғысын білдірді.

Биыл 101 жасқа толған Қапира Сәдуақасова жарты ғасырдан астам уақыт бойы жоғары білім беру саласында еңбек етіп, талай шәкірт тәрбиелеген. Ғалым 96 жасына дейін студенттерге дәріс оқып, ғылым мен ұстаздық қызметтен қол үзбеген. Оның өмір жолы – кәсібіне адалдықтың, білімге деген шексіз құрметтің және ұрпақ тәрбиесіне қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі.

Ұстазға құрмет – ұлтқа құрмет. Ғасыр жасаған ғалымның өнегелі өмір жолы мен еңбегін бағалау – кейінгі буынның азаматтық парызы.

Қапира апайға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ұрпақтарының қызығын көріп, аман-есен ортамызда жүре беруін тілейміз!