Тәшенев университеті мен Ұлттық Банктің Шымкент филиалы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
2026-11-10
Тәшенев университеті мен Ұлттық Банктің Шымкент филиалы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
2026 жылғы 10 қарашада Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университет пен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Шымкент филиалы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа университет ректоры Жанар Рысбекова мен Ұлттық Банктің Шымкент филиалының директоры Ануар Ботанбеков қол қойды.
Меморандумның негізгі мақсаты – білім беру мен қаржы салалары арасындағы байланысты нығайту, студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру және еліміздің қаржы секторына қажетті білікті мамандарды даярлау бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыру.
Университет ректоры Жанар Рысбекова өз сөзінде білім беру ұйымдары мен қаржы институттары арасындағы әріптестіктің маңыздылығына тоқталды:
«Бүгінгі таңда жоғары білім беру жүйесінің алдында тек теориялық білім беріп қана қоймай, еңбек нарығының нақты талаптарына жауап бере алатын мамандар даярлау міндеті тұр. Ұлттық Банкпен орнатылған әріптестік студенттерімізге қаржы саласының тәжірибесімен жақынырақ танысуға, кәсіби құзыреттерін дамытуға және алған білімдерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Біз бұл ынтымақтастықтың нақты нәтижелерге бағытталғанына мүдделіміз», – деді университет ректоры.
Өз кезегінде Ұлттық Банктің Шымкент филиалының директоры Ануар Ботанбеков қаржылық сауаттылықты арттыру мен жас мамандардың кәсіби әлеуетін дамытудағы мұндай бастамалардың маңызын атап өтті:
«Қаржылық сауаттылық – бүгінгі қоғам үшін аса маңызды дағдылардың бірі. Әсіресе, жас буынның ақша айналымы, қаржы жүйесі, банк қызметі және экономикалық үдерістер туралы терең түсінік қалыптастыруы қажет. Университетпен бірлескен жұмыс студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, болашақ қаржы мамандарының кәсіби қалыптасуына ықпал етеді», – деді Ануар Ботанбеков.
Бірлескен жұмысты жүзеге асыруға университеттің «Экономика және құқық» факультетінің профессор-оқытушылар құрамы, оқу үдерісін ұйымдастыру және жоспарлау бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ Ұлттық Банктің Шымкент филиалы статистика бөлімінің бас маманы Әлия Молдаханова қатысты.
Айта кетейік, меморандумға қол қою елімізде 15 қарашада атап өтілетін Ұлттық валюта – теңге күні қарсаңында өтті. Бұл күн қаржы жүйесінің маңызын, ұлттық валютаның экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін және өскелең ұрпақтың қаржылық мәдениетін қалыптастыру қажеттігін айқындайды.
Тәшенев университеті алдағы уақытта да білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, студенттердің кәсіби дамуына бағытталған стратегиялық әріптестікті кеңейте береді.



