«Күз аруы – 2026»: сұлулық пен шығармашылық байқауы
2026-11-06
«КҮЗ АРУЫ – 2026»: СҰЛУЛЫҚ, ӨНЕР ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТОҒЫСҚАН БАЙҚАУ
Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеттің Әлем тілдері институтында «Күз аруы – 2026» байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, студенттердің шығармашылық әлеуетін, өнері мен жан-жақты қабілеттерін танытқан жарқын мәдени іс-шараға айналды.
Байқауды институттың Орыс және өзбек тілі кафедрасы ұйымдастырып, оған 1–3 курс студенттері қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша өзара бақ сынады. Атап айтқанда, өзін-өзі таныстыру, бейнеролик әзірлеу, интеллектуалдық сайыс, әдебиет пен мәдениетке қатысты білімдерін көрсету, сән үлгісін таныстыру, өнер көрсету және шығармашылық тапсырмаларды орындау кезеңдері қамтылды. Сонымен қатар қатысушылар университеттің тыныс-тіршілігі мен мүмкіндіктерін насихаттауға бағытталған «UNIVISION» кезеңінде де белсенділік танытты.
Байқауға қатысқан студенттер қатарында Болысова Нилуфар, Шодикулова Нигора, Убайдуллаева Шахзода, Ганибаева Луиза, Алиева Мелек, Али Әсемай және Ермек Медина бар.
Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұлттық мәдениет пен өнерді дәріптеу, эстетикалық талғамын қалыптастыру және жастардың бойындағы көшбасшылық қасиеттерді ашуға мүмкіндік беру.
Әлем тілдері институтының директоры Жанна Ботабаева байқаудың студенттер үшін маңызына тоқталып, қатысушыларға ізгі тілегін білдірді.
«Мұндай шығармашылық байқаулар студенттердің бойындағы талантты ашып қана қоймай, олардың өзіне деген сенімділігін арттырып, көпшілік алдында еркін сөйлеуіне, қабілеттерін жан-жақты дамытуына ықпал етеді. Біздің мақсатымыз – білімді ғана емес, өнерлі, ізденімпаз, мәдениеті жоғары, белсенді жастарды тәрбиелеу. Бүгінгі қатысушылардың әрқайсысы өз ерекшелігімен, талпынысымен және дайындығымен көзге түсті. Баршаңызға шығармашылық табыс тілеймін!» – деді Жанна Ботабаева.
Айта кетейік, «Күз аруы – 2026» байқауы студенттердің өзара тәжірибе алмасуына, шығармашылық байланыстарын нығайтуына және университеттің мәдени өміріне белсене араласуына мүмкіндік берді.
Осындай тағылымды іс-шаралар жастардың жан-жақты дамуына жол ашып, университеттегі шығармашылық ортаның қалыптасуына серпін береді.












