ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАСТАР АРАСЫНДА ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕРДІҢ АЛДЫН АЛУҒА АРНАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
2026-10-31
Медиатека / Жаңалықтар / ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАСТАР АРАСЫНДА ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕРДІҢ АЛДЫН АЛУҒА АРНАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАСТАР АРАСЫНДА ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕРДІҢ АЛДЫН АЛУҒА АРНАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университетте жастар арасында нашақорлықтың, маскүнемдіктің және өзге де зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Іс-шара Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ, қалалық денсаулық сақтау саласының мамандары және психикалық денсаулық орталығы өкілдерінің қатысуымен өтті.
Кездесу барысында студенттерге есірткі заттарын қолданудың зияны, алкогольдік ішімдіктердің адам ағзасына әсері, тәуелділіктің алдын алу жолдары және психикалық денсаулықты сақтаудың маңыздылығы туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру және қауіпті әдеттерден аулақ болу мәселелері талқыланды.
Кездесуге арнайы шақырылған спикерлер өз салалары бойынша маңызды ақпараттармен бөлісті.
Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ маманы Сабина Қайратқызы Сагинтай жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, әлеуметтік белсенділігін арттыру және зиянды әдеттердің алдын алуда профилактикалық жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
Шымкент қаласының ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының педагогы Аяжан Қалдыбекқызы Джарасбай есірткі тұтынудың денсаулыққа төндіретін қауіптері мен оның салдары туралы түсіндіріп, жастарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Ал Шымкент қаласы Психикалық денсаулық сақтау орталығының дәрігер-наркологы Наргиза Байматова тәуелділіктің қалыптасу ерекшеліктері, оның психологиялық және физиологиялық зардаптары, сондай-ақ дер кезінде маман көмегіне жүгінудің маңыздылығы жөнінде мәлімет берді.
Спикерлер жастардың сұрақтарына жауап беріп, зиянды әдеттердің алдын алу әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын атап өтті.
Осындай кездесулер студенттердің ақпараттық және құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың денсаулығына саналы түрде қарауына, дұрыс өмірлік таңдау жасауына және салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етеді.


