DIGITAL BRIDGE-2026: ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАҢА СЕРІКТЕСТІКТЕРДІ ДАМЫТУДА
background

DIGITAL BRIDGE-2026: ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАҢА СЕРІКТЕСТІКТЕРДІ ДАМЫТУДА

2026-12-03

Медиатека / Жаңалықтар / DIGITAL BRIDGE-2026: ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАҢА СЕРІКТЕСТІКТЕРДІ ДАМЫТУДА

DIGITAL BRIDGE-2026: ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАҢА СЕРІКТЕСТІКТЕРДІ ДАМЫТУДА
Астанада өтіп жатқан AI & Digital Bridge-2026 халықаралық технологиялық форумы аясында Жұмабек Ахметұлы Тәшенев университеті цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар маңызды бастамаларға қатысуда.
Форум алаңында Тәшенев университетінің ректоры Жанар Рысбекова Qazaq AI Research University (QAIRU) ректоры Сапар Токсановпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ университет ректоры iBatyr IT-компаниясының жетекшісі Виталий Лимен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қол қойылған құжаттар білім беру мен IT-индустрия арасындағы байланысты нығайтуға, заманауи цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізуге, тәжірибе мен сараптамамен алмасуға, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Тәшенев университетінің цифрлық және технологиялық бағыттағы серіктестіктерді дамытуы студенттердің заманауи IT-құзыреттерін қалыптастыруға, практикалық жобаларға қатысуына және университет пен технологиялық индустрия арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар, Жанар Рысбекова Rectors’ Club: Central Asia+ клубының 8-отырысына қатысып, сөз сөйледі. Биылғы отырыс «Университеттер жасанды интеллект дәуірінен кейін: жаңа көшбасшылық, адамның рөлі және Орталық Азия+ университеттерінің болашағы» тақырыбына арналды.
Rectors’ Club: Central Asia+ — Орталық Азия университеттерінің басшылары мен жоғары білім саласындағы сарапшыларды біріктіретін кәсіби пікірталас алаңы. Клубтың негізгі мақсаты — өңірдегі жоғары білімнің болашағына қатысты ортақ көзқарас қалыптастыру, университеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту және халықаралық академиялық байланыстарды нығайту.
Кездесуде жасанды интеллектінің жоғары білім беру жүйесіне ықпалы, университеттердің трансформациясы, оқытушы мен студенттің өзгеріп жатқан рөлі, жаңа құзыреттерді дамыту және технологиялық өзгерістер жағдайындағы адам капиталының маңызы талқыланды. Іс-шара аясында университеттердің жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы ортақ басымдықтарын айқындайтын Astana AI Declaration 2026 құжатын әзірлеу мәселесі де қаралды.
Digital Bridge-2026 алаңындағы бұл бастамалар Тәшенев университетінің білім беру, ғылым, жасанды интеллект және технологиялық кәсіпкерлік бағыттарындағы серіктестіктерін жүйелі түрде кеңейтуге бағытталған.