ШЫМКЕНТТЕ «ТҮЛЕК ЖӘНЕ ЕҢБЕК НАРЫҒЫ» МАНСАПТЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ
2026-05-13
Медиатека / Жаңалықтар / ШЫМКЕНТТЕ «ТҮЛЕК ЖӘНЕ ЕҢБЕК НАРЫҒЫ» МАНСАПТЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ
2026 жылғы 13 мамыр күні Tashenev University базасында «Түлек және еңбек нарығы» атты ауқымды мансаптық фестиваль өтті.
Іс-шара университеттің бас ғимаратында ұйымдастырылды.
Фестивальдің негізгі мақсаты – жоғары білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы байланысты күшейту, студенттер мен түлектердің кәсіби дамуына қолдау көрсету, сондай-ақ жұмыс берушілермен тиімді әріптестік орнату болды.
Фестивальдің ресми ашылуына университет ректоры Канат Байболов, мемлекеттік органдардың өкілдері, жұмыс берушілер, білім беру ұйымдарының басшылары, университет түлектері қауымдастығының мүшелері мен серіктес ұйымдар қатысты.
Фестиваль аясында сөз сөйлеген университет ректоры Канат Байболов университеттің академиялық дамуы мен еңбек нарығына бейімделу стратегиясы туралы айта отырып, қазіргі уақытта жаңа білім беру бағдарламалары (ОП) әзірленіп жатқанын және жақын уақытта осы бағыттар бойынша студенттерді қабылдау ашылатынын атап өтті.
Атап айтқанда, төмендегі жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылмақ:
* Жасанды интеллект және деректер ғылымы;
* Бағдарламалық қамтамасыз ету инженериясы;
* Компьютерлік ғылымдар;
* Киберқауіпсіздік және ақпараттық технологиялар;
* Қаржы және деректерді талдау;
* Мемлекеттік сектордағы жобаларды басқару;
* Қалалар экономикасы және урбанистика;
* Креативті салалардағы экономика және индустрияны басқару.
Ректордың айтуынша, бұл бағыттар еңбек нарығындағы заманауи сұраныстарға сәйкес әзірленіп, цифрлық экономика, мемлекеттік басқару және креативті индустриялардың дамуына үлес қосуға бағытталған.
Фестивальге мемлекеттік органдардың, ұлттық ұйымдардың, жетекші компаниялар мен білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Әліш Рыскелді Салхутдинұлы, Мақсат Дүйсенбекұлы, Қадырбеков Қанат Керімханұлы, Данара Саранова қатысты.
Сондай-ақ фестиваль жұмысына Beeline Қазақстан, ForteBank, Alatau City Bank, Қазаэронавигация, Evrika, Баланс Сервис, ЕАНСТ Корпарациясы, Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Момышұлы оқу орталығы, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдері белсенді қатысты.
Фестиваль аясында университеттің серіктес білім беру ұйымдарының өкілдері де қатысып, тәжірибе алмасу мен болашақ әріптестік бағыттары талқыланды. Олардың қатарында бірқатар мектептер мен білім беру ұйымдары бар.
Іс-шара барысында бірнеше тақырыптық секциялар жұмыс жүргізді:
* «Педагогикалық және гуманитарлық білім беру саласындағы теория мен тәжірибенің сабақтастығы»;
* «Мансап аймағы: Экономика, бизнес және құқық»;
* «Жасанды интеллект дәуіріндегі мамандар құзіреттілігі»;
* «Өнер және гуманитарлық білім беру: шығармашылық даму мен заманауи үрдістер».
Секцияларда білім беру, IT, құқық, бизнес және шығармашылық салаларындағы жетекші мамандар, мектеп директорлары мен компания басшылары өз тәжірибелерімен бөлісті.
Фестиваль аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, студенттер мен түлектер жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алды.
Қатысушылар үшін түйіндеме әзірлеу, жұмысқа орналасу және мансаптық даму тақырыптарында мастер-класстар мен тренингтер өткізілді.
Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Парида Байнеева фестивальдің маңыздылығына тоқталып:
> «Қазіргі еңбек нарығы жас мамандардан тек білімді ғана емес, бейімделгіштік пен кәсіби құзыреттілікті талап етеді. Бұл фестиваль студенттер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, түлектердің болашақ мамандығына сенімді қадам жасауына мүмкіндік беретін маңызды алаң болды», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, фестивальге қатысқан университеттің «Экономика» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті өз әсерімен бөлісті:
> «Мен бұл фестивальге арнайы түйіндемемді алып келдім. Қазіргі таңда экономика мен бухгалтерия саласына сұраныс айтарлықтай артып келеді. Әсіресе жаңа экономикалық реформалар мен салықтық өзгерістерге байланысты кәсіби экономистер мен бухгалтерлердің рөлі бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Осындай алаңдар студенттерге жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатып, болашақ мансабын бастауға үлкен мүмкіндік береді», – деді студент.
Фестиваль аясында халықаралық және стратегиялық даму мәселелері де кеңінен талқыланды. Данара Саранова қазіргі еңбек нарығындағы жаһандық үрдістерге тоқталып:
> «Бүгінде еңбек нарығы тек жергілікті емес, халықаралық бәсекелестік кеңістігінде дамып келеді. Сондықтан университеттер халықаралық деңгейде ойлай алатын, цифрлық дағдылары қалыптасқан және өзгермелі экономикалық ортаға бейімделген мамандар даярлауға басымдық беруі қажет. Мұндай мансаптық фестивальдер жастардың кәсіби бағдарын айқындап қана қоймай, олардың жаһандық еңбек нарығына бейімделуіне ықпал етеді», – деп атап өтті.
Фестиваль қорытындысы бойынша университет пен серіктес ұйымдар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою жоспарланды.
Айта кету керек, 2026 жылы университетте педагогика, құқық, экономика, IT, дизайн және басқа да бағыттар бойынша 2800-ден астам түлек оқуын аяқтайды.


















