TASHENEV UNIVERSITY студенті еуропаны бағындыруда
- 1 view
TASHENEV UNIVERSITY СТУДЕНТІ ЕУРОПАНЫ БАҒЫНДЫРУДА: ДАРА ЕСКАРАЕВА МИЛАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МАГИСТРАТУРАСЫНА ГРАНТ ЖЕҢІП АЛДЫ!
Экономика және құқық факультеті мен ИЭФ-21-3к1 тобы үлкен қуанышпен бөліседі: Дара Ескараева, «Қаржы» білім беру бағдарламасының 2025 жылғы түлегі, Милан мемлекеттік университетінің магистратурасына грант негізінде оқуға түсті!
Болашақ магистрант «Экономикалық және саяси ғылымдар» мамандығы бойынша білім алады. Сонымен қатар, ол ай сайын 1300 еуро көлеміндегі шәкіртақыны иеленді. Милан университеті әлемнің үздік 300 жоғары оқу орнының қатарына кіреді және Италияда 5-орында. Оның түлектері арасында Сильвио Берлускони секілді беделді тұлғалар бар.
Дара Ескараева, 2025 жылғы түлек:
«Tashenev University ұстаздарына алғысым шексіз – маған халықаралық байқауда сенімділікпен қатысуға мүмкіндік берген терең білім мені алға жетеледі. IELTS-тан 8.5 балл алып, мықты портфолио жинақтадым. Мұндай университетке түсу — арман емес, нақты мақсат. Бастысы — өзіңе сеніп, әрекет ету».
Бақыров Ержан Амангелдіұлы, кафедра меңгерушісі:
«Дараның басты ерекшелігі – оның білімге деген жауапкершілігі, табандылығы мен ой-өрісінің кеңдігі. Tashenev University түлегінің Еуропаның беделді университеттерінің бірінде оқуын мақтан тұтамыз. Бұл — біздің студенттерге үлкен мотивация. Биік мақсат қойып, оған біртіндеп жету – әркімнің қолынан келеді».
Дара — Tashenev University-дің халықаралық деңгейдегі табысты түлегінің жарқын үлгісі. Оған жаңа белестерде сәттілік, шабыт және үлкен жеңістер тілейміз!