ЖҰМАБЕК ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬ БАСТАУ АЛДЫ

Ж. Тәшенев университетінде оқушыларға арналған жазғы оқу лагері өз жұмысын бастады. Аталған лагерь Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесіп, мектеп оқушыларының жазғы демалысын мазмұнды әрі тиімді ұйымдастыру мақсатында өткізіліп жатыр.
Университет қабырғасында 26.05.2025 ж. – 04.07.2025 ж. аралығында 8, 9, 10 сынып оқушылары үшін “Жазғы лагерь” жобасы аясында түрлі кездесулер, таныстырылымдар және тақырыптық дәрістер өтуде.
Бағдарлама аясында оқушылар университет жанындағы Жасанды интеллект орталығына барып, заманауи технологиялармен танысады. Сонымен қатар, университеттің әртүрлі кафедраларының жұмысымен танысып, студенттермен ашық сұхбат жүргізеді. ЖОО-дағы белсенді студенттік өмір, еріктілік, клубтар мен жобалар туралы жан-жақты мағлұмат алады.
Лагерь барысында квесттер, мотивациялық тренингтер, кәсіби бағыт-бағдар беру кездесулері және шығармашылық тапсырмалар ұйымдастырылған. Бұл оқушылардың қызығушылығын арттырып, болашақ мамандығын дұрыс таңдауға көмектеседі.
Лагерьдің ашылу салтанатына университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ғалымжан Битұрсын қатысып, қатысушыларға өз жылы лебізін білдірді:
«Біздің басты мақсатымыз – жас ұрпақтың жоғары білім мен заманауи технологияларға қызығушылығын ояту. Университетіміз оқушыларға кәсіби бағдар беріп қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтуге мүмкіндік береді», – деді Ғалымжан Битұрсын.
Ашылу күні факультет декандары мен кәсіби бағдар беруші мамандар қатысып, оқушыларға университеттің мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берді.
Жалпы, жазғы лагерьге Шымкент қаласының мектептерінен 300-ден астам оқушы қамтылмақ.
 

Оқиға категориялары