
Қала прокурорымен кездесу
2025-06-18
Ғабит Мұқанов: «Әділетті Қазақстан құру – заң мен тәртіпті сақтау арқылы жүзеге асады»
Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов Tashenev университетінің белсенді студенттерімен, соның ішінде «Ташенев тартуы» және мемлекеттік грант иегерлерімен бейресми форматта кездесті. Ашық диалог алаңында студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, құқықтық мәдениетті дамыту, қауіпсіздік және жастардың азаматтық жауапкершілігі туралы ұсыныстарын ортаға салды.
Прокурор Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын әділетті Қазақстан құру жолындағы негізгі қағида ретінде атап өтті. Сонымен қатар, жастарды есірткі саудасы, дроперлік, интернет-алаяқтық сынды өзекті қауіптерге қарсы күресте бірігіп әрекет етуге шақырды.
Ғабит Мұқановтың сөзі:
«Жастар – еліміздің болашағы ғана емес, қазіргі дамудың қозғаушы күші. Сіздердің заң мен тәртіпке деген құрметтеріңіз, белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз – Жаңа Қазақстанның негізін қалайды. Біз бірге әрекет етіп, жастарға төнетін қауіптерге – есірткі, алаяқтық және басқа да қылмыстарға қарсы тұра білуіміз керек», – деді қалалық прокурор.
Кездесу барысында университеттің Басқарма төрағасы Оналбай Аяшев пен ректор Қанат Байболов Ташенев университетінің даму стратегиясымен таныстырып, білім сапасын арттыру, инновациялық экожүйені дамыту бағытындағы бастамалармен бөлісті.
Студенттердің пікірі де ерекше маңызды болды.
2-курс студенті Алтыншаш Үсенбай:
«Мұндай ашық кездесулер бізге сенімділік береді. Өз ойымызды еркін жеткізіп, тікелей прокурордың пікірін есту – үлкен мүмкіндік. Бұл мемлекет пен жастар арасындағы диалогтың бар екенін көрсетеді», – деді.
Сондай-ақ студенттерді ерекше қызықтырған тақырыптардың бірі — прокуратура органдарында кәсіби тәжірибеден өту мүмкіндігі болды. Бұл сұраққа жауап бере отырып, Ғабит Мұқанов:
«Біз әрдайым еңбекқор, ынталы жастарды Шымкент қаласының прокуратура органдарында тәжірибеден өтуге қуана қабылдауға дайынбыз. Бұл — баға жетпес тәжірибе. Біз тек құқық саласының емес, IT, экономика, қаржы сияқты түрлі бағыттағы студенттерді де практикалық дағдыларға үйретуге дайынбыз», – деп атап өтті.
Шымкент қаласының студенттер омбудсмені Тимур Казьмин өз сөзінде Ташенев университетінде құқықтық ахуалдың оң сипат алып келе жатқанын атап өтіп, студенттердің өтініштері мен ұсыныстарына жедел жауап беріліп жатқанын айтты. Сонымен қатар, өңірдегі ЖОО-ларға қатысты мәселелерді шешуге бағытталған тұрақты жұмыс тобын құруды ұсынды.
Кездесу аясында Ғабит Қасымбекұлы университеттің бас оқу корпусы, Жасанды интеллект орталығы, тәулік бойы жұмыс істейтін коворкинг орталығы сынды инфрақұрылым нысандарымен танысты.
Жасанды интеллект орталығында прокурор университет басшылығына қылмыстың жаңа түрлерімен күресу үшін интонациялық технологияларды бірлесіп әзірлеу бойынша ұсыныс білдіріп, ғылым мен құқық қорғау саласының өзара ықпалдастығының маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, университеттегі әйелдер клубы прокурорға өздерінің авторлық кітабын естелік ретінде сыйға тартты. Бұл – студенттердің әлеуметтік белсенділігі мен шығармашылық ізденісінің тағы бір көрінісі болды.
Прокурор білім беру ортасының заманауи үлгіде дамып жатқанын оң бағалап, студенттер үшін жасалып жатқан қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктерге жоғары баға берді.