DIGITAL NAURYZ – ДӘСТҮР МЕН ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ҰШТАСҚАН ЖАҢА ФОРМАТ
2026-03-22
Бүгін Шымкент қаласындағы Наурыз алаңында Ұлыстың ұлы күніне орай кең ауқымды мерекелік концерт өтті. Мереке аясында ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер тігіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше рухани атмосфера сыйлады.
Ж. А. Тәшенев университеті Басқарма Төрағасы Оңалбай Аяшев жетекшілігімен университет Астана алаңында өз киіз үйін тігіп, мазмұнды экспозициясын ұсынды. Университет экспозициясында жасанды интеллект негізінде әзірленген «Жұмабек Тәшенев» ІІ-көмекшісі таныстырылып, тарихи тұлғаның мұрасы заманауи цифрлық форматта жаңғыртылды. Сонымен қатар, өндірістік дрондармен жабдықталған виртуалды зертхана көрсетіліп, ғылым мен технологияның жаңа мүмкіндіктері паш етілді.
Бұл бастама – дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып, оларды заманауи инновациялармен ұштастырудың жарқын үлгісі. DIGITAL NAURYZ форматы ұлттық мәдениеттің мазмұнын байытып қана қоймай, жас ұрпақтың ғылым мен білімге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Іс-шара барысында университеттің вице-ректоры Жанар Рысбекова өз пікірін білдірді:
«Бүгінгі DIGITAL NAURYZ – бұл тек мереке ғана емес, бұл – ұлттың рухани жаңғыруының жаңа кезеңі. Біз дәстүр мен технологияны қатар дамыта отырып, жастарға тарихты жаңа форматта жеткізуді мақсат еттік. Жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер арқылы Жұмабек Тәшеневтің тұлғасын таныту – ұлттық сананы жаңғыртудың маңызды қадамы. Болашақ – білім мен инновацияда, ал біздің міндет – осы жолда жастарға бағыт көрсету».
DIGITAL NAURYZ – бұл ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, ұлттық кодты заманауи технологиялар арқылы жаңғыртатын бірегей алаң. Мұндай форматтағы іс-шаралар Қазақстанның зияткерлік әлеуетін арттырып, ел болашағына серпін беретіні сөзсіз.










