Өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – Түлектер үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы
2026-09-22
Өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – Түлектер үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы
2026 жылғы 22 қыркүйекте Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Еңбек күніне орай ұйымдастырылған іс-шара жастарды жұмыспен қамтуға, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды таныстыруға және жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнатуға бағытталды.
Жәрмеңкеге университетіміздің Жұмыспен қамту және мансап орталығының басшысы Халикова Роза Орынбасаровна бітіруші курс студенттерімен бірге қатысты.
Іс-шара барысында студенттер өз мамандықтары бойынша ұсынылған бос жұмыс орындарымен танысып, жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасты. Олар жұмысқа қабылдау талаптары, еңбек жағдайлары, тағылымдамадан өту және жас мамандарды жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері туралы қажетті ақпарат алды. Сондай-ақ студенттер түйіндемелерін ұсынып, әлеуетті жұмыс берушілермен кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік алды.
Жәрмеңкеге қатысу бітіруші студенттерге еңбек нарығындағы нақты сұранысты бағалауға, жұмыс іздеу тәжірибесін қалыптастыруға, кәсіби бағытын айқындауға және болашақ мансабын жоспарлауға көмектеседі.
